Қымбаттыларым! Назарбаевтың диктаторлық режиміне ашық қарсы шыққаныма 10 жылдан астам уақыт өтіпті. Несін жасырайын, өздерін қазақтың қожайыны сезінген кланмен теке-тіресім көз алдарыңызда өтті ғой. Талай рет түрлі психологиялық қысымдар, небір арандатулар мен жалған айыптаулар көрдім. Көрген қысастығымды сіздерге айтқан емеспін. Жылап-сықтап шағым айту – мендік ережеден емес. Өйткені, неге тәуекел етіп, бас тіккенімді білдім. Қазір, әрине, жазуға оңай, бірақ шын мәнінде оңай болған жоқ! Осы сөзіме он жыл бойы дамылсыз жазған әрбір постым мен ұйқысыз атқан әрбір таңым куә. Иә, биліктегі ат төбеліндей топ 30 жыл бойы қазақтың барын тонап, қазақтың 30 жылғы бақытын ұрлады. Иә, олар айрандай ұйыған ұлтымыздың рухани бірлігіне сызат түсіріп, қазақтың жүрегіне қаяу салды. Бірақ қазақтың рухын сындыра алған жоқ!
Біз осында ботадай боздап, бозторғайдай шырылдай отырып қазақ мемлекетінің діңгегін шайқалтпауға барынша күш салдық. Фейсбук алаңында тайғанақ мінез танытпай, табандылықтың жарқын үлгісін көрсете отырып, қазақтың мұңын мұңдап, ділін, дәстүрлі діни бағытын, тілін, байлығын, жылаған әрбір қазағын қорғаған саяси күрескер бауырларыма басымды иемін! Біз дәл болжаппыз…
Шектен шыққан кландық топтың Отанымызға қауіп-қатер төндіретін хәлге жеткенін және діни деструктивті ұйымдарды «үшінші күш» ретінде өз биліктерін сақтауға пайдаланатынын сан мың рет айтқан едік. Сол айтқанымыз айнымай алдымыздан шықты. Басқа Президенттің барына, соған сәйкес елімізде басқа саяси-экономикалық тәртіптің орныға бастағанына көнбеген һәм билік пен байлықтың уыстарынан шығып бара жатқанын сезген қылмыстық топ елімізде тұрақсыздық орнатуға 2,5 жыл бойы барын салды. Отыз жыл бойы әбден дегені болып, қазақты құлша жұмсап, байлығын сүлікше сорып үйренген ол ақымақтар бізді мәңгілікке билеп-төстеп өтем деп ойлады. Сөйтіп, 30 жыл бойғы өздері өз қолдарымен туындатқан әділетсіздік пен заңсыздықтан зығырданы қайнаған бейбіт халықтың бүгінгі эмоциясын өздерінің жымысқы мақсаттарына пайдаланып, қазақты бір-біріне айдап салып, тұтас қазақты кезекті рет алдап соқты. Сөйтіп, Отанға жасалатын опасыздықтың ең ауыр түрі – мемлекеттігімізге террор жасады! Олар өздері тұнығынан су ішкен бұлағын лайлап, аялап ақ сүтін берген Отан-Аналарын таптап-сатып кетті. Сөйтіп, өздері қазған орға өздері түскен сыңайлы! Енді оларға кешірім жоқ!
«Прежде чем проявлять доброту, надо проявить справедливость» – деген Черчилльдің сөзі бар. Бір күнде быт-шыты шыққан Алматының тұрғыны ретінде айтарым: Ұлтымызға – террорлық акт жасалды! Оны жасаған бейбіт халық емес, «өздері»! Тәуелсіздігіміздің қалыптасу тарихында «Назарбаев сабағы» атты жаңа саяси термин енді. Бұл қазақ үшін тым ащы сабақ! Осы сабақтан нені түйдік? Ешкім бізге келіп әділетті қоғам, мықты мемлекет орнатып бермейтініне көзіміз жетті. Қазақтың проблемасын қазақ қана шеше алады! Енді бастауға үміт етіп отырған «Назарбаевсыз дәуірде» біз:
üБір адамның ұзақ уақыт билік етуіне жол бермеуіміз керек!
üДиктатура-автократиялық режимнің қалыптасуына үзілді-кесілді қарсылық танытуымыз керек.
üКонституциядағы Назарбаевтар отбасына берілген құқықтық-
экономикалық льготаларды алып тастап, Ата заңымызды бір тұлғаның емес, Қазақ халқына ғана қызмет ететін құқықтық құжат ретінде бекітуіміз қажет!
üАдам құқығының жаншылуын тоқтатуымыз керек!
üАшық Үкімет құрылуын талап етуіміз керек!
üМығым азаматтық қоғам орнатуға күш салуымыз керек!
üЕлдің игілігі үшін салихалы саяси-экономикалық-әлеуметтік реформалардың жасалуын талап етіп қоймай, бірге түзуге атсалысуымыз керек!
üАдами капиталдың дамуын басты назарда ұстауымыз керек!
«Назарбаев сабағы» «Тоқаев сабағына» ұласпау үшін қоғам қағілез, талапшыл болуы шарт. Бірақ…
Клан салған лаңды бір күнде жою мүмкін емес. Уақыт керек! Кланның астыртын күштері әлі де өз адамдарын билікке тықпалауын доғарар емес. Сол себепті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа уақыт пен мүмкіндік беруіміз қажет. Мығым билік, мықты армия, ояу қоғам – қуатты мемлекеттің қайнар көзі! АҚШ-тың «Ұлы депрессиясы» кезінде билікке келген Т.Рузвельт не деді?: «Ең бірінші бір-бірімізге өтірік айтуды доғарайықшы» деді. Сол секілді Мемлекет Басшысы әңгімесін шындықтан бастауы шарт. Кешегі террористік актыны жасаған кім? Артында нақты кімдер тұр? Соны ашып айтқаны дұрыс.
üБилікке мүлде жаңа тұлғалар келуі шарт! Назарбаевтың қолшоқпары болғандар мемлекеттік қызметтен қуылуы шарт!
üПарламент сайлауы қайта өткізілуі тиіс!
üКүштік құрылым басшылары ауысуы тиіс!
üНазарбаевтар қазақтың бүкіл байлығын қайтаруы тиіс!
üСаяси репрессияға ұшырағандар ақталуы тиіс!
üКешегі қырғында ұсталғандарды репрессиялау тоқтатылуы тиіс!
Енді Тоқаев билігі экстремистік ұйымдармен ауыз жаласқан кландық топтарды толықтай талқандай ала ма?
«Назарбаевтың дәуірі» шынымен аяқталды ма?
Әлде кезекті қойылым ба?
Әрбір қазақты алаңдатқан басты сауал осы.
Мемлекет Басшысы дәл осы мәселеде күлбілтелемей қоғамға бүкпесіз айтса, Президенттің қоғам тарапынан картбланш беріліп, қолдау рейтингісі шарықтайтынына күмәнім жоқ!
Дина Елгезек.
(facebook парақшасынан өзінің келісімімен алынды).
