Пт. Мар 14th, 2025

Қазақтың бейбіт шеруге шығып, қол жеткізген еркіндігіне ешкім қол сұға алмайды…

Елді елеңдеткен ереуілдер де аяқталды. Батыстан басталған бейбіт ереуілдер Алматыдағы қанды қырғынмен тәмамдалды. Алдында сырттан жиырма мың терроршылар, яғни лаңкесшіл қарақшылар баса-көктеп кірді деген ақпарат тарады. Бірақ, әзірге бұл ақпаратты растауға еліміздің күштік құрылымдарының басшылары да асығар емес.

Ресейдің сарапшыларының пікірінше, сырттан осынша қарақшы кірсе, Қазақстандағы ереуілдің зардабы бұдан терең болар еді. Бұл дегенің, екі бірдей әскери дивизия деген сөз.

Шетелдік сарапшылар мұндай ақпаратты «Елге опасыздық жасады» деген айыппен қамауда отырған ҰҚК бұрынғы экс-төрағасы Кәрім Мәсімов беруі мүмкін дейді. «Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, бәлкім, мемлекет билігіндегілерге осылай қорқыныштың қара бұлтын төндірмекші болды ма екен?!

Дегенмен, Алматыдағы ереуілдің қарулы қақтығыспен жалғасуына іштегі террорлық күштер мол ықпал еткенін жоққа шығара алмасақ керек. Әйтпесе, бір сәтте оңтүстік елордадағы қару-жарақ сататын жеті бірдей дүкен тоналмас еді. Тонаушылардың өзі арнайы темір кесетін құралдармен баруы алдын ала дайындалғанын айғақтайды.

Кей ақпараттарда қарақшылар Қайрат Сатыбалдының құзырындағы күзет фирмалары дегенді айтады. Осылай бейбіт ереуілдер бейкүнә адамдардың өліміне әкеліп соқты. Құқық қорғаушылармен бірге, қарапайым адамдар да көптеп құрбан болды. Қазір күштік құрылымдар қарақшыларды іздестіруде. Біз бұл оқиғалардың анық-қанығы жақын күндері анықталады деп сенеміз.

Кейбір сарапшылар лаңкестікті көксеген қарақшыларға дем берушілер мемлекеттің лауазымды қызметінде отырғандар деп те айтып жатыр. Бұған ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтың тұтқындалуы да басты айғақтардың бірі. Сонымен бірге, Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіштің күні кеше қызметінен алынуы, Кәрім Мәсімовтың тағы бірнеше орынбасарларының тұтқындалуы көп нәрседен хабар беретін сияқты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік келісімшартына кіретін елдерден әскери көмек сұрады деп мұны сан-саққа жүгіртіп отырғандар да жоқ емес. Біздіңше, мұның екі қыры бар сияқты.

Біріншіден, «іштен шыққан жау жаманның» кебін киген Назарбаевтың отбасына мүдделі топтың қазіргі билікке суықтық танытуы сырт көзге көрінбесе де, анық аңғарылып тұрғанына ресейлік және батыстық саясаткерлер де пікір білдіріп жатыр. Осыдан кейін Ұжымдық қауіпсіздік келісім шартына кіретін елдердің бітімгершілік әскері қазіргі биліктің сенімді қаракет жасауына негіз қалағандай.

Екіншіден, іштегі күштік құрылымдар басшылары Кәрім Мәсімовтың айналасына топтасса, жағдай одан сайын күрделенер еді. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік келісім шартына енетін елдердің бітімгершілік әскеріне арқа сүйеуі кездейсоқтық емес. Әйтпесе, Ресейдің орталық телеарналарының бірінде өткен пікір алмасу хабарында белгілі орыс саясаткерлері Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер және Қорғаныс министрліктеріне қарасты әскери құрылымдардың Орта Азиядағы ғана емес, өңірдегі қуаты мықты екенін жоққа шығармайды. Бәрі жоғарыда айтқан ауыз жаласуға ұласып кетпеуінің алдын алуға жасалған қадам екенін де көреміз.

Бейбіт ереуілдерді қантөгіске айналдырған терроршыл қарақшыларға дем беретін тұлғаларды Ауғаныстан мен Таяу Шығыстан іздеген болдық. Қазір көзіміз әжептәуір ашылғандықтан, оның негізгі ошағы өзімізде екенін аңғару қиын емес. Тіпті, ондай қарақшыларға «қамқор» болғандардың қатарында кімдер бар екенін айтпасақ та ел біліп отыр. Салафиттік ағымның желін үрлеушілер біздің биліктің де ішіне әбден кіріп алғанын да байқаймыз.

Ендеше, елімізде экономикалық үдерістерді дамытумен бірге, аталған діни экстремистік ағыммен күресті жаңаша жүргізу қажет етіледі. Ең бас-
тысы, осы арнаның басында тұрған тұлғалар жауапкершілікке тартылуы тиіс. Олар шетел асып, қашып-пысып жүрсе де, ұстап әкеліп, жазасын беру экстремизммен күрестің маңызды екенін көрсетер еді.

«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін іле-шала Назарбаевтың күйеу балалары да лауазымды қызметтерін босатып жатыр. Оларға қандай тықырдың таянғанын басқа білмесе де, олар түсінеді. Тіпті, Елбасының өзінің қайда екеніне шүбә келтіретіндер көп. Әркім әр саққа жориды. Бір ақпарат оның Араб еліне асқанын айтса, бірі оның елордада екеніне нандырып әлек.

Қайда жүрсе де, отыз жыл бойы бар байлығын қыздары мен күйеу балаларына, туыстарына, өзімен мүдделес адамдарға бөліп бергені үшін кешірім болмайтыны белгілі. Бір атап өтерлігі, елдегі осы қасіретті оқиғалардың белең алуына себепші деген желеумен қамауға алынып жатқан лауазымды тұлғаларға жаза қолданылары белгілі.

Ал, Назарбаевтың отбасы мүшелері мен туыстары не себепті бұл жауапкершіліктен әзірге құтылып отыр. Бұл да елді толғандырған мәселе. Мәселен, Кәрім Мәсімовтың бүкіл орынбасарлары тұтқындалып жатқанда, оның оң қолы, бірінші орынбасары Самат Әбіштің лауазымынан босатыла салғаны да көп ой тудырады.

Тағы бір сарапшылар мұның астарында заңдық негіздерді аттап кетпеу талаптары жатқанын айтады. Мысалы, «Тұңғыш Президент туралы» заңда оның өзіне, отбасы мүшелеріне, туыстарына және олардың мүліктеріне қол сұғуға болмайды делінген. Олай болса, Назарбаевтың жеке басын, туыстарын, отбасы мүшелерін құқықтық жауапкершілікке тарту мәселесінің әзірге ауызға алынбауы түсінікті жайт.

Financial Times халықаралық іскерлік басылымы Қазақстанның 55 пайыз байлығы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қан жағынан жақын, отбасы мүшелері, туыстары және іскерлік қатынастағы тұлғалар болып табылатын 162 адамның  иелігінде екенін жазады. Бұл ел халқының 0,001 пайызы болып табылады. Ол осы тұлғалар арқылы миллиардтарды шетел асырып, оны әлемнің мықты заңгерлері арқылы заңдастыру қамын жасады депті.

Сонымен бірге, осы басылымда Эксетер университетінің Қазақстан бойынша сарапшысы Том Мейн Назарбаев осы заманғы клептократияның («клептократия» – мемлекет ұрылар мен бопсалаушылардың қауымдастығын басқару деген сөз) ең айқын мысалы деп жазады.

Шынында, еліміздегі әлеуметтік жағдайдың күрделенуіне осы жайлар басты себеп екенін кешегі бейбіт ереуілдер кезінде көз жеткіздік. Байыған үстіне баий берейін деген нәпсілік сезім күндердің күнінде жарға жығатынын білмеді ме екен, сонда?!

Назарбаевтың қыздары, күйеу балалары, туыстары шетел асып жатыр. Дені өз қызметтерін еріктерімен босатуда. Бірақ, бұл елі алдындағы қылмысты жеңілдете ала ма?! Сондықтан қазақтың бар байлығын халыққа қайтару үшін олар иелік еткен компаниялар жедел мемлекет құзырына өтуі тиіс.

Елдегі жаңа жаңғырулардың басталуына себеп болған бейбіт ереуілдердің әр өңірде өтуі бір жағынан қатардағы жаңалық емес, Ұлы даланың мұрагері Қазақ елін әлемдік өркениетке талпындыру, іштегі қордаланған жағдайды жақсарту үшін алғы шарт болғанын ешкім жоққа шығара алмаса керек. Бірақ, отыз жылғы ұрлық пен тонаудан әбден жапа шеккен халықтың бой көтеруін пайдаланғысы келетіндер де жоқ емес. Мысалы, Әбіләзов осы ереуілдердің өзінің сценарийі бойынша өтіп жатқанын айтады. Енді халықтың өз еркіндігі мен бостандығы үшін күрескен ерік-жігерін де ұрлап алмақшы ма?!

Мұны айтып отырғаным, қазір Әбіләзовтың сойылын соғып жүргендер де арамызда аз емес. Тәртіп сақшылары да әлсін-әлсін кешегі ереуілдерге соның ықпалы болған жоқ па деп күдіктене қарайды. Біздің айтарымыз, бұл бейбіт ереуілдер қарапайым адамдардың ертеңгі күніне үмітпен қараған шырақ сәулесі сияқты. Әбіләзов-сымақтарға ешкім бейкүнә адамдардың қанымен жуылған еркіндікті ешқашан бермейді.

Енді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа үлкен сенім арта қараймыз. отыз жыл бел алған әлеуметтік теңсіздіктің, тамырын тереңге жайған жемқорлықтың, бар байлығымызды тонаған ұры-қарылардың түп тамырымен жойылуы Мемлекет басшысының қолында. Елінің сенімінен шықса, төбесіне көтеріп, абыройын биіктетеді. Біз де осындай үмітіміз бар екеніне еш шүбә келтірмейміз. Сол асыға күткен күндер тезірек келсе екен…

Бақыт Смағұл,

журналист.

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *