Пт. Мар 14th, 2025

Ел Президенті қасым-Жомарт Тоқаев елдегі келеңсіз оқиғалардан кейін Парламент Мәжілісінде сөз сөйлеп, мәлімдеме жасады. Онда бейбіт шерудің экстремистік пиғылдағы қарақшылардың қанды қасабына ұласып, қаншама бейбіт тұрғындар мен құқық қорғаушылардың көз жұмғанын айта келіп, тәуелсіздікке де қауіп төнді деді.

     Қазір еліміз түбегейлі өзгерістер қарсаңында тұр. Әлеуметтік-экономикалық арнада жаңа реформалар мен стратегиялық бағдарламалар жасалатынын да атап көрсетті. Президенттің сөзінен елде іргелі өзгерістер болатынын анық аңғаруға болады. Отыз жыл бойы елдің ортақ қазанындағы игіліктерге қол сұғып, сүліктей сорғандарға да тыйым болатыны аталып айтылды. Атап айтсақ, сыбайласып, әбден құныққандардың біреуінің жолы кесілсе, екіншісі қылаң береді. Осылай жемқорлық бір тыйылар емес.

     Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардан утилизациялық төлемдер жинаумен айналысатын жеке меншік «Оператор РОП»  компаниясын сынға алды. 2016 жылдан бергі бес жылда бұл компания 691,8 миллиард теңге қаржы жинаған. Сондықтан елге тиімсіз мұндай компанияның орнына мемлекеттік оператор құруды тапсырды.

    Сонымен бірге, бюджет көтерудің бір арнасы – кедендік төлемдер. Бірақ, Қытаймен шекарадағы кедендік былықтарға соңғы нүкте қоятын кез келгеніне де жұрт назарын аударды. Екі ел арасындағы көліктер тексерілмейді, салықтар төленбейді. Қытай жағының статистикасына қарағанда біздің жақтың кедені есебінде  миллиардтаған доллар алшақтық бар. Сонда ол қаражат кімнің қалтасына түсіп жатыр? Тиіспеушілік мәртебесін иеленген бұл компания кімге тиесілі?..

Сауал көп, жауап жоқ. Президент Бас прокуратураға және басқа да мүдделі органдарға жедел тексеріс жүргізіп, заң бұзушылықты анықтауды тапсырды. Осының бәрі елдегі әлеусеттік ахуалға әсерін тигізеді. Сондықтан «Қазақстан халқына» қорын құрған Мемлекеттік басшысы Қасым-ЖомартТоқаев  Елбасының арқасында қаншама табысты компаниялар мен бай адамдар пайда болғанын, енді олар ел халқына тиесіліні қайтарып,  көмектесетін уақыттары жеткенін де баса айтты.

   Міне, біз түбегейлі өзгерістер қарсаңында тұрмыз. Енді осы айтылған салиқалы ойлардың жүзеге асуы үшін бір жеңнен қол шығарып, ынтымақта еңбек етуіміз керек. Ел біздікі, оның болашағы да бәрімізді толғандырады. Елдің үлкені де, кішісі де ортақ мүддеге жұмылып, өз үлесін қосады деп сенеміз.

Бақыт Смағұл,

журналист

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *